Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2020 жылдың 18 наурызында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысындағы Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Шара барысында тұрғындарға антисептикалық заттардың бағасын негізсіз асырып сату фактісінің алдын алды», - делінген хабарламада.
Құқықбұзушыдан жалпы көлемі 212 литр дезинфекциялық антисептик заттар тәркіленді. Ол антисептикалық заттарды өндіруші-зауыттан 2500 теңгеге алып, тұрғындарға 4000 теңгеге сатқан.
Республикадағы төтенше жағдайға орай, ашық сатылымдағы дәрі-дәрмек бір адамға 1 литрден аспайтын көлемде сатылады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Павлодар облысындағы Экономикалық тергеу депаратменті облыстық әкімшілікпен және өндіруші зауыттармен бірлесе отырып, бастапқы қажеттілік тауарларының қылмыстық алып-сату фактілерінің алдын-алу шараларын жүргізеді.
«Құрметті Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтары! Егер медициналық маскаларды, қолғаптарды, дезинфекциялық және антисептикалық заттарды негізсіз қымбат бағада сату фактілеріне куә болсаңыз, ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетіне – 8 (7172) 70-84-78, Павлодар облысындағы Экономикалық тергеу департаментіне – 8 (7182) 61-33-05, 8 (702) 816-01-81 немесе Нұр-Сұлтан қ., Бейбітшілік көшесі, 10, Павлодар қ., Толстой көшесі, 98 мекенжайларына жүгінуіңізді сұраймыз», - деп мәлімдеді комитет.