Павлодарда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жиыны өтті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Достық» үйінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Отырысқа Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Ақмола өңірлеріндегі филиалдардың басшылары  мен Ресейдің Алтай өлкесіндегі  отандастарымыз қатысты.

«Былтырғы жылы мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше міндеттер қойған. Біріншіден, орталық кеңсені Алматыдан Астанаға көшіру туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма орындалды. Екінші міндет - барлық облыстарда  қауымдастық филиалдарын ашу. Үшіншісі -   қазақтар көп шоғырланған  шет елдермен тығыз байланыс орнату.  Оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия елдері бар», - дейді  Зауытбек Тұрысбеков.

Қауымдастық төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінгі жиын «Ұлы дала»  фестиваліне орайластырылған.

«Ертіс өңірінде ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала» фестиваліне былтыр да қатысқан едім.  Шараның ауқымдылығына таң қалып отырмын. Бұған қоса, биыл фестивальдің деңгейі де өскен. Сондықтан  басқа өңірлердегі өкілдіктерге көрсету үшін  арнайы осында  шақырып отырмыз. Еліміз егемендік алған 27 жылдың ішінде миллиондаған адам Ата қонысына оралды. Әлі де туған еліне қоныс аударғысы келетін қаншама адамдар бар. Елбасы оларды жай ғана көшіріп қоймай,  Израиль, Германия, Ресей елдері сияқты жағдай жасауды тапсырды. Сондықтан баспана және жұмыспен қамту - бірінші кезекке қойылатын мәселе», - дейді  Зауытбек Тұрысбеков.

Кездесу барысында бүгінде шетелдік қазақтармен ғана емес, барлық қазақстандықтармен жұмыс істеуге бағытталған «Отандастар» қорының  маңыздылығы  туралы да сөз қозғалды.

«Бұл қордың құрылтайшылары - ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Спорт және мәдениет министрлігі. Оны құруға бір жылдай уақыт кетті. 1 қыркүйекте жұмысқа кірісу жоспарланып отыр.  Басты мақсат -  шетелдегі белсенді қазақстандықтарды анықтау, олармен байланыс орнату,  көмек көрсету», - дейді Зауытбек Тұрысбеков.

Алтай өлкесі Құлынды ауданы Керей ауылындағы Қаракөл қазақ мектебінің директоры Нұрғайша Баринова Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына екінші рет қатысып отыр.

«51 жыл ұстаз болып еңбек еттім. Павлодар педагогикалық училищесін  бітіргенмін. Ресейде  ана тіліміз бен  әдет-ғұрпымызды ұмытпау, жастардың ұлтын жоғалтпауы  үшін жергілікті «Болашақ» ұлттық мәдени ұйымын аштық. Түрлі шараларға қатысамыз. Керей ауылында қазіргі таңда 85 шақты таза қазақ  отбасы  қалды. Біз ол жақта ұлғаймаймыз. Керісінше, біз өз ұрпағымызды Отанымызға қайтарып, елін тапса екен деп тәрбиелейміз. Бүгінгі Ата жұртымызда  өткізіліп отырған  жиынның маңызы өте зор, - дейді тәжірибелі педагог.