Павлодарда екі жаңа арендалық тұрғын үйге маусым айында 270 отбасы қоныстанады
22:32, 14 Маусым 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда жалпы ауданы 14,4 мың шаршы метрді құраған екі 9 қабатты арендалық үйдің құрылысы аяқталды. Маусым айының соңында павлодарлық 270 отбасы пәтер алады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңес кезінде Павлодар облыстық құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Дәулет Мұстафин хабарлады.
Қазіргі уақытта үйлердің жанында абаттандыру жұмыстары аяқталып жатыр. Д.Мұстафиннің айтуынша, желілерді іске қосу құжаттары энергетика, жылу беру және сумен қамтамасыз етудің инженерлік қызметтеріне тапсырылды.
Биылғы жылы сондай-ақ ведомстволық тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. «KSPSteеl» ЖШС 2016 жылдың тамыз айында Усол шағынауданында жалпы ауданы 4185 шаршы метрді құраған 9 қабатты 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтайды. «Қазақстан алюминийі» АҚ Амангелді көшесінде 86 пәтерлі тұрғын үйді салып жатыр. Оны ағымдағы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.