Павлодарда электр кернеуіне түскен дала құсы өрттің туындауына себепкер болды

Фото: Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда дала құсы қырдағы шөптің жануына себепкер болды. Төтеннен туындаған тілсіз жау 60 шаршы метр жерді жайпап өткен.

Павлодарда Аққулы мен Бесқарағай ауылдарының аралығындағы жол бойы өртенді. Анықталғандай, өртке дала құсы себепкер болған.

Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

«101 пультіне № 18 өрт сөндіру бекеті бойынша Аққулы мен Бесқарағай ауылдарының арасындағы аудандық жол жиегінде құрғақ шөптің жануы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, ерікті өрт сөндіру бөлімдері барды. Олар 60 шаршы метр аумаққа таралып үлгерген жалынды жедел түрде жойды. Үйлесімді жұмыстың арқасында өрт өзге аумаққа таралмады.

Мамандар анықтағандай, өрттің шығуына кәдімгі дала құсы себепкер болған. Құс жол бойындағы электр желісіне қонған болуы керек. Электр кернеуінің салдарынан құс өртеніп, жерге құлаған. Жол бойындағы құрғап тұрған қалың шөп лап ете қалған. Әдетте электр тогымен жанасқанда құстардың қауырсындары тез тұтанады»,-деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Еске сала кетейік, Баянауылда жер өртеніп, бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Арада екі тәулік өткенде Павлодар облысындағы табиғи өрт сөндірілді.