Павлодарда ер адам мұз астына түсіп кеткен
15:27, 04 Желтоқсан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Усолка өзенінде серуендеп жүрген 1990 жылғы ер адам ажал аузынан аман қалды.
Бұл туралы облыстық ТЖД-нің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы, мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«Ол кеше, 3 желтоқсан күні кешкі сағат 17:00 кезінде конькимен жұқа мұздың үстінде сырғанап жүрген. Кенеттен мұз ойылып, ер адам астына түсіп кеткен. Абырой болғанда, оқиға орнында болған кұтқарушылар тұрғынды жағаға алып шықты», - деді департаментте.
Мамандардың айтуынша, жергілікті телеарналарда жұқа мұздың үстімен жүру адам өміріне қауіпті екендігі туралы роликтер көрсетіліп, тұрғындар арасында алдын алу шаралары жүргізілуде. Десе де, соңғы кездері өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, осындай қадамға баратын жағдайлар жиілеп отыр.