Павлодарда Ертіс мұзынан бес бала құтқарылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Демалыс күндері рейд жүргізген құтқарушылар кезекті рет 12-15 жас аралығындағы балаларды Ертіс мұзынан алып түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қысқы уақытта жағалау мен қалалық жағажай аумағы Павлодардағы ең қауіпті орындардың біріне айналады, себебі Ақсу қаласындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-нан аққан жылы су мұздың толық қатуына мүмкіндік бермейді және көктем келгенше мұз еріген күйі тұрады, деп хабарлады Павлодар облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізеді және ескерту белгілерін орнатады. Бірақ, соған қарамастан балалар қауіпті мұз үстімен жүруге құмар. Демалыс күндері рейд жүргізген құтқарушылар кезекті рет 2002-2005 жылдары туған балаларды Ертіс мұзынан алып түсті. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Көктемгі мұз қашанда қауіпті, деді ТЖД қызметкерлері. Сырт көзге мұз қалың болып көрінгенмен, күн астында жібіп тұрған мұздың құрамында су көп. Мұз астына құлап кеткен адамның аман қалуы екіталай, себебі мұз басқан су арқылы құтқарушылардың қозғалысы қиындай түседі. Судың қатты ағысымен мұз астына кеткен адамды құтқару қиын. Адамның өзін өзі құтқаруына да еш мүмкіндік болмайды, себебі су мен мұздың арасында ауа болмайды.

Павлодар облысы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағы өңір тұрғындарына мұзға шығудың қауіпті екенін ескертеді.