Жағалауды салудағы негізгі мақсат - көктемгі су тасқындарынан қорғау.
«Жоба бойынша конкурс өткізілді. «Алвис» ЖШС ұтып алып, жеңімпаз атанды. Жұмысты осы жылы суық түскенге дейін бітіру керек. Ауа райына байланысты бөгеттер болса, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Бұл жобаға 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Қаржы толықтай демеушілердің есебінен жұмсалуда. Негізгі демеуші - «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС», - деді Бақытриза Дүйсембаев.
«Алвис» ЖШС-нің өкілі Саят Байзақовтың айтуынша, жұмыстар жалпы ұзындығы 1100 метр аумақта атқарылады. Оның ішінде «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішін 400 м аумақта айналып өтпек. Өйткені ескерткішті қозғауға тыйым салынған. Жағалаудың ені - 24 метр. Адамдар жүретін тротуардың ені 6 метр болмақ.
Жобаның авторы Ғабит Темірбаев жұмыстың негізгі мақсаты жағалауды су шайып кетуден сақтау екенін атап өтті.
«Біздің жобаға жағалауды бекіту жұмыстары ғана кіреді. Жағалауды жыл сайын су шаюда. Сондықтан қорғану амалдарын жасаймыз. Сондай-ақ жауын-шашынның суы төменге қарай ағып кетуі үшін арық қазылады. Ол арықтың бойында бірнеше блоктан тұратын тазартқыш, сүзгі болады. Әр блок ластағыш заттардан арылтады. Соңғы блок ультракүлгін тазалағыш. Тазартқыш құрылғы секундына 120 литр су өткізе алады. Яғни, Ертіске таза су құйылады. Жағалаудың алдыңғы жасалған бөлігіндегі стиль сақталады. Ұсақ тастар төгіледі. Ұсақ тастар төгу Еуропада көптен бері қолданылып келе жатқан әдіс. Жұмыстың қиын жері - жағалаудың өте еңіс болуы. Оған қоса, техникамыз тым төмен түсе алмайды. Ауарайы да бөгет жасауы мүмкін. Нәтиже болу үшін жағалау құрғақ болуы тиіс», - деді Ғабит Темірбаев.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жағлаудың үстіңгі бөлігінде демалыс саябағы, ойын-сауыққа арналған орындар салу жоспарлануда.