25-30 қыркүйек күндері Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» IІ республикалық театрлар фестивалі өткізіледі. Дәстүрлі өнер фестивалі қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Ж.Аймауытов театрының тұңғыш режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына орайластырылып отыр.
- Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланатын театрлар додасы осымен екінші мәрте өткелі отыр. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында ұйымдастырылады, - хабарлады Аймауытов театрынан.
Бұл фестивальдегі негізгі талап – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс.
Еске сала кетейік, Абай атындағы театр 93-маусымын «Ақбала» балетінің премьерасымен ашты.