Сүңгуірлер Ертіс өзенінде шомылып жүріп, суға кеткен ер адамды іздеп жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 15 тамыз күні шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған орында болған. Хабарлама түскен бойда оқиға орнына шұғыл түрде құтқарушылар тобы жіберілген.
Іздеу-құтқару шараларына төтенше жағдайлар департаменті, жедел-құтқару жасағы, полиция департаменті мен орман шаруашылығының күштері жұмылдырылды. Облыс орталығынан оқиға орнына эхолотпен және моторлы қайықпен жарақтандырылған 4 сүңгуірден тұратын арнайы топ жеткен.
- Іздестірудің алғашқы күнінде құтқарушылар моторлы қайықпен өзеннің қос жағалауы бойынша 11 шақырымға жуық аумақты көзбен шолып шықты. Сондай-ақ эхолот құрылғысының көмегімен Ертістің 5 мың шаршы метрге жуық түбі тексеріліп, жағалаудың 5 шақырымы жаяу барланды. Сүңгуірлер тобы өзен түбіне 8 рет сүңгіп, іздеу жүргізді, - деп хабарлады департаменттен.
Мамандар шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу адам өміріне өте қауіпті екенін ескертеді.
Бұған дейін Павлодарда Сәтбаев атындағы каналда ер адам суға батып кетті.