Павлодарда Ғали Ормановтың 1948 жылы араб графикасында жарық көрген кітабы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 1948 жылы араб графикасында жарық көрген «Өмір дастаны» атты кітабының  таныстырылымы өтті. 

Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Павлодар қаласы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтті. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі, кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған.

Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны — Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылып берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.

Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Жәдігерді ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлы музейге аманаттады.

Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Ғали Орманов (1907-1978 жылдар аралығында өмір сүрген) — бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға. Оның қаламынан қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына айналған өлеңдер жинақтары, поэмалары, жыр кітаптары, прозалық жинақтары жарық көріп, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған.