Павлодарда халықаралық инвестициялық форум өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 2 қараша күні өтетін «Irtysh Invest 2016» халықаралық инвестициялық форумының ашылуына бес күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумға Павлодар облысының, Қазақстанның және шетелдің бизнес-қауымдастықтары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялардың, жүйеқұрушы кәсіпорындардың өкілдері, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарының ресми өкілдері, шетелдік дипломаттар, банктер мен компаниялардың өкілдері қатысады.

Форум инвестицияларды қажет ететін жобалар көрмесінен басталады. Экспозиция форумның соңына дейін жұмыс істейді. Атап өтетіні, биылғы жылы павлодарлық жоғары оқу орындары студенттерінің соны жобалары бөлек таныстырылады.

Форум бағдарламасы бойынша түстен кейін Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда облыс экологиясын жақсартуға арналған жобаларға инвесторлар тарту мәселесі қаралады.

Форумның келесі күні әлеуетті инвесторлар үшін ашық есік күні ұйымдастырылады. Павлодар облысына инвестиция құюға әзір бизнесмендер аймақ басшысы Болат Бақауовқа сұрақтарын қоя алады.