ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтінішті қарау барысында инвестордың әкімшілік кедергілерге тап болғаны анықталды: уәкілетті орган бұрын берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарып алған, бұл жобаны іске асыруға елеулі тәуекелдер туғызған.
Аталған жағдай өндірісті іске қосу мерзімдерінің бұзылуына, кредиторлар алдындағы қаржылық міндеттемелердің туындауына және инвестициялық жобаның тоқтап қалуына әкелуі мүмкін еді.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде инвестордың құқықтары қалпына келтіріліп, бұрын берілген рұқсат құжаттары қайтарылды.
Сонымен қатар, инвестициялық жоба Инвестициялық штабтың отырысында қаралып, өңірлік инвестициялық жобалар пулына енгізілді. Бұл жобаны одан әрі сүйемелдеуге және туындайтын мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау және өңірдегі бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
-Әкімшілік кедергілерге, құқықтарының бұзылуына немесе кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға тап болған инвесторлар 7 (701) 578-47-15 телефоны арқылы немесе 115 Call-орталығына хабарласа алады, -делінген хабарламада.
Осыған дейін Абай облысында прокуратураның ықпалымен 12 млрд теңгелік жобаның мәселесі шешілгені туралы жаздық.