Павлодарда қалдықтарды заңсыз көміп келген кәсіпорынға 28 млрд айыппұл салынды

Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM —  Павлодардағы кәсіпорын қалдықтарды көму лимитін асырғаны үшін 28 млрд теңгеге айыппұл салынды.  Бұл туралы Павлодар облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Табиғатты қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында рұқсат құжаттарының талаптарының орындалмағаны анықталды.

Осы дерек бойынша тексерулер басталып, нәтижесінде экологтар «ЭкоАлем-ПВ» ЖШС-нің қызметінде тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру көлемінің белгіленген лимиттен асқаны анықталды.

Аталған құқық бұзу бойынша субъект Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 6-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Бұл баптың санкциясы қалдықтарды көму төлемінің ставкасына қатысты он мың пайыз мөлшерінде, яғни белгіленген лимиттен тыс жиналған немесе көмілген қалдықтар көлеміне сәйкес айыппұл салуды көздейді. Нәтижесінде айыппұл сомасы 28,4 миллиард теңге болды, — делінген хабарламада.

Апелляциялық саты алғашқы инстанция сотының серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулысын өзгеріссіз қалдырды. 

Айта кетелік көмірсутек саласында құқық бұзғандарға 50 млрд теңге айыппұл салынған еді