Павлодарда КамАЗ аударылып, екі адам қаза тапты

Фото: Павлодар облысы ПД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полиция қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

«Павлодар-Қызылорда» автожолында КамАЗ жүк көлігі жол шетіне түсіп кетіп, аударылған.

— Алдын ала мәліметтер бойынша 3 желтоқсан күні Екібастұз қаласының Марғұлан ауылынан 20 шақырым қашықтықта, «Павлодар-Қызылорда» автожолында КамАЗ-4310 көлігі жолдан түсіп кетіп аударылған. Оқиға салдарынан жүргізуші мен жолаушы қаза тапты, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Полиция аталған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қайғылы жайттың мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Тәртіп сақшылары мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, көлік құралының техникалық жағдайын тұрақты бақылауды ескертеді.

Еске сала кетейік, Павлодарда УАЗ көлігі трактор тіркемесімен соқтығысып, жолаушы көз жұмды