Павлодарда Камаз аударылып, жүргізуші қаза тапты

Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының Ольгино ауылы маңында Камаз жүк көлігі аударылып қалған. Салдарынан жүргізуші қаза тауып, бір жолаушы жарақат алды.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, 3 қазан күні «Чернорецк-Ольгино-Успенка-Шарбақты» автожолында, Ольгино ауылынан 9 шақырым жерде Камаз автокөлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, көлікті аударып алған.

Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

— Жол апаты салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі көз жұмды. Тағы бір жолаушы жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, — деп хабарлады полиция департаментінен.

Еске сала кетейік, Павлодарда жеңіл көлік жылқыға соғылып, екі адам қаза болды. 

Ал оның алдында Павлодар — Қызылорда тас жолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, апат салдарынан оқиға орнында 4 жолаушы мен жүргізушінің мерт болғанын жазғанбыз.