Павлодарда кәмелет жасына толмаған қыз бен бауырын зорлаған қос ер адам сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Сот олардың бірін 22 жылға, екіншісін 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау деректері бойынша қылмыстық істі қарады. Істің мән-жайын заңмен жария ету мүмкін болмағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды.
Белгілі болғандай, кәмелет жасына толмаған қыз 2018 жылы зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ол тұста жасы 10-да болған. Ал күдіктінің өзі де ол уақытта кәмелетке толмаған. Кейінірек қыздың бауыры да зорлықшылардың құрбанына айналған. Сұмдық оқиға туралы тек 2024 жылы ғана белгілі болған. Сол тұста зорлық жасаушының жалғыз болмағаны, оқиғаға тағы бір ер адамның қатысқаны анықталған.
— Күдікті ретінде ұсталған қос ер адамның кінәсі сотта жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушылардың жасаған қылмыстары аса ауыр қылмыстар санатына жатады және тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, Г.-ға 22 жылға, ал Ө.-ге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Сотталғандардың екеуі де педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдармен айналасу құқығынан өмір бойына айырылды. Жәбірленушілер өкілінің моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюы толығымен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қараша айында Баянауылдың Майқайың кентінде бауыры мен қарындасы жыныстық зорлыққа ұшырағаны белгілі болды.
Кейін балаларды зорлау дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу басталды.