Павлодарда карантин жайында 109 байланыс орталығынан сұрап білуге болады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 9 қарашадан бастап енгізілетін санитарлық шектеулерге қатысты кеңесті 109 бірыңғай байланыс орталығы береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Қала мен аудан басшылары коронавирустың таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу шараларын енгізуге дайын екені туралы есеп берді.

Блокпост дайындығы туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов есеп берді. Бұған денсаулық сақтау басқармасының, әкімдіктердің және полиция департаментінің қызметкерлері жауаты.

Сәкен Шаяхметовтың айтуынша, азаматтардың дене қызуын өлшеу, сауалнама жүргізу және құжаттарды тексеру уақыты бір минуттан аспауы тиіс.

Блокпостар барлық қажеттіліктермен, оның ішінде бейнекамерамен жабдықталған. Жедел ден қою орталығына түсіретін кадрлар жағдайды тікелей бақылауға мүмкіндік береді.

Ал, жедел ден қою орталығының жұмысына салалық басқарма басшыларының орынбасарлары тартылған. Өйткені, блокпост бойынша кезекшілермен тікелей байланыста болу және туындаған мәселелерді жедел шешу – олардың тікелей міндеті.

- Жедел ден қою орталығы блокпостар мен басқармалар арасында тікелей байланыс болуы үшін құрылғанын атап өткім келеді. Мұндай өзара іс-қимыл азаматтардың блок бекеттерді заңсыз кесіп өтуіне байланысты мәселелерді тез әрі әуре-сарсаңсыз шешуі тиіс. 9 қарашадан бастап енгізілетін шектеулер бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығының операторлары облыс тұрғындарына тәулік бойы кеңес береді, - деп мәлімдеді Сәкен Шаяхметов.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Pvlinfo.kz сайтында қазір техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіндіріп өтті. Жоспар бойынша, портал дүйсенбіге қарай іске қосылады.

Сол себепті жұмыс берушілер тарапынан жаңа шаралардың қолданылуы туралы рұқсат беретін анықтаманы қағаз жүзінде қолдауға санитарлық шектеулер енгізілген алғашқы аптада пайдалануға рұқсат беріледі.

Әр блокпостың жұмысына облыс әкімінің орынбасары арнайы бекітілген. Сонымен қатар, Сәкен Шаяхметовтың айтуынша, өңірдегі мониторинг топтарының саны 118-ге дейін артты.

Енді әрбір ауылдық округте бір, ал әрбір аудан орталығында екі топ қызмет ететін болады. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жұмыс істеу үшін тағы жаңа 5 немесе 8 мобильді топ қосылады.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қала және аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Өңір басшысы оларға барлық ұйымдастыру мәселелерін жеке бақылауда ұстап, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу қажетігі туралы тапсырды.

- Бұл ретте басқарма басшылары өз-өзінен шеттеп кетпеуі тиіс. Әкімдіктер де, басқармалар да, құқық қорғау органдары да – барлығымыз облыс тұрғындарының өтініштеріне немесе қандай да бір форс-мажорлық жағдайларға жедел ден қою үшін бірлесіп, жұмыс істеуге тиіспіз,-деді Әбілқайыр Сқақов.

Облыс әкімі барлық блокпостқа өзі барып, олардың жабдықталуы мен қызметкерлердің дайындығын тексеретінін айтты.


Фото: Валерий Бугаев