Жолсерік боп қызмет ететін Галина Михайлованың айуынша, ол шұғыл жұмысқа шақыртылуына байланысты анасын үш күнге ақылы пансионатқа тапсырып кеткен. Егде жастағы адамға бас-көз болар адам таппаған соң осылай жасауға мәжбүр болған. Ал, қайтып оралғанында көк ала қойдай сабалған анасының түрін көріп, жағасын ұстаған. Юлия Павышева біраз жылдан бері ақыл-есінің ауытқуы дертіне шалдыққан. Сондықтан да қызы пансионат қызметкерлерінің "оның төсектен құлап кетті" деген сөзіне сене алар емес. - Анамды итеріп жіберген немесе ұрып-соққанға ұқсайды. Өйткені, жай ғана құлағаннан мұндай жарақаттардың болуы мүмкін емес. Мұны өзім алып барған дәрігер де растап отыр. Нақты қандай жағдайдың болғанын енді құзырлы органдар анықтауы тиіс. Пансионаттағылар оның түнімен кірпік қақпай, біраз әбігерге салғанын айтуда. Ақыры төсектен құлап, басын соғып алыпты. Сол сәтте оған алғашқы көмек көрсеткен кезекші түн ішінде жедел жәрдем шақыртпауды жөн санаған. Енді ол бұл қылығы үшін жазаланған көрінеді. Бет-аузынан бөлек, сол қолының бас бармағы да сынған. Он жақ иығын қатты ауыртып алыпты. Полицияға шағым түсірдім. Мән-жайды анықтау үшін арнайы сараптама да тағайындалды, - дейді Галина Михаилова.
«Алтын уақыт» пансионатының жетекшісі Людмила Яценконың сөзінше, кезекшілікте болған қызметкер шынымен де жедел жәрдемге қоңырау соғуды жөн көрмеген. Дәрігерді таңертең келген басқа кезекші мен медбике шақыртқан. - Осы өрескел қателігі үшін оны жұмыстан шығару туралы бұйрық дайындап қойдық. Ал, қарияның жағдайын медбикеміз күнде үйіне барып бақылап жүр, - дейді ол.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір бұл жайтқа қатысты ҚР ҚК «Денсаулыққа қасақана орташа дәрежедегі зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, тексеріс басталған. Қазіргі таңда қария үйінде ем-дом алуда. Бірақ орын алған жағдайдан кейін мүлде сөйлеуден қалған. Мұны қатты шошып қалғанымен байланыстырған жақындары енді сұмдық жайттың ақ-қарасын полицейлер анықтайды деген сенімде.
Айта кетерлігі, «Алтын уақыт» пансионаты осыдан екі жыл бұрын ашылған. 24 орынға шақталған мекемеге кез келген азамат күніне 2 мың теңге төлеп, зейнеткерлік жасына шыққан әке-шешесін уақытша қалдырып кете алады.