Павлодарда кәсіпкерді бопсалаған ҰҚК қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облыстық прокуратурасы ұсталған азаматқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментімен Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөлігімен бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері бопсалау дерегі бойынша ұсталғаны туралы ақпарат тарап кеткен еді.
Аталған оқиға туралы өңірлік ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жауап беруден бас тартты. Ал полиция департаменті бұл дерек қосымша тексеруді қажет ететіндіктен жауап беру уақытын созатындарын мәлім етті.
Аталған жайт бойынша Павлодар облысының прокуратурасынан мынадай ресми жауап келді.
— Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментімен Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөлігімен бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Облыс прокуратурасы «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңымен және қылмыстық процесстік заңнамасымен көзделген құзыреттері шеңберінде жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеу сатысында екенін ескеріп, Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды, — делінген жауапта.
Еске сала кетейік, прокурорлардың пәрменімен биыл мемлекетке 716 млрд теңге қайтарылды.