Павлодарда кәсіпкердің ісін тартып алуға әрекеттенген қылмыскер ұсталды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірін рейдерлік жолмен басып алуға тырысқан қылмыс әлемінің серкесі ұсталды. Қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарынан иелеріне 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірлік прокуратураның келісуімен бұрын тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Павлодар қаласының ірі өнеркәсіптік кәсіорындарының бірін басып алу рейдерлік әрекет жасаған қылмыс әлемінің серкесін әшкереледі.

«Қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарынан иелеріне 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Жеке және заңды тұлғалардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкін басып алудың өзге де фактілері анықталды. ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», -деп хабарлады облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Павлодар қаласы мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен қылмыс жасаған күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Еске сала кетейік, Павлодарда 2,6 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсамақ болған.