Павлодарда кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластау лимитінен асып кету жағдайлары тіркелген

Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Табиғат қорғау прокурорлары биыл жыл басынан мыңнан астам заңбұзушылықты анықтап, 900 млн теңгеге жуық айыппұл салған.

Кәсіпкерлік субъектілері жіберетін негізгі әрі елеулі құқықбұзушылықтың бірі — эмиссиялардың белгіленген лимиттен асып кетуі.

Мысалы, биыл Ақсу қаласындағы Ақсу ферроқорытпа зауыты белгіленген нормадан тыс шығарындылары үшін 855 млн теңге айыппұл төлеген. 

— Соңғы екі жылда Павлодар облысында өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге қатысты экологиялық заңнаманы бұзудың бірнеше жағдайы тіркелді. Мұндай құқықбұзушылықтар жиі кездеспейді. Дейтұрғанмен аталған қызмет түрімен айналысатын бизнес субъектілерінің мәселесі қоғамда кеңінен талқыланып келеді, — деп хабарлады өңірлік мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан.

2024 жылы мемлекеттік органдар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 995 жағдайын анықтап, олардың нәтижесі бойынша әкімшілік істер қаралған.

Жалпы сомасы 59 млн теңге айыппұл өндірілген. Ал биыл мұндай сипаттағы заң бұзушылықтардың жиілеп кеткені байқалып отыр.

Жыл басынан бері 1 015 құқықбұзушылық тіркеліп, 891 млн теңгеге айыппұл салынған.

Табиғат қорғау прокурорлары саладағы тиісті заңнаманы бұзудың ең кең таралған түрлері — аң аулау және балық аулау қағидаларын бұзу екенін айтады. Мысалы, биыл 1 015 құқықбұзушылықтың 612 жағдайы аңшылық пен балық аулауға қатысты.

2024–2025 жылдар аралығында шетелдік компаниялар тарапынан табиғат қорғау заңнамасын бұзу жағдайлары тіркелген жоқ.

Еске сала кетейік, Қазақстан парниктік газ шығарындыларының үздік 30 эмитентінің қатарына кіреді.