Павлодарда қатарынан үш жыл егілген 3 млн көшет жерсінбей, қурап қалған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында 2021–2023 жылдары отырғызылған орман көшеттерінің жерсіну көрсеткіші төмен болып, есептен шығарылған. Аталған кезеңде көшет егуге бюджеттен 78,2 млн теңге бөлінгені белгілі болып отыр.

Фото: Kazinform

Өңірде 2021-2023 жылдары 540,8 гектар жерге 3 млн көшет отырғызылған. Алайда олар өспей қалған.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Малика Элиясованың айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында Павлодар облысында жалпы ауданы 2,9 мың гектарға 16,4 млн көшет отырғызылған.

- 2021-2023 жылдар аралығында отырғызылған көшеттер жерсінбеді. Бағалау нәтижелері бойынша көрсеткіш 10–23 пайыз аралығында қалыптасқан. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жерсіну деңгейі 25 пайыздан төмен орман дақылдары есептен шығарылуға жатады. Бұл мақсатқа бюджеттен 78,2 млн теңге бөлінген, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Малика Элиясова.

Мамандар мұны ең алдымен өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерімен байланыстырады. Жауын-шашынның жеткіліксіздігі, ұзаққа созылатын құрғақшылық, ауа температурасының жоғары болуы және топырақ ылғалының тапшылығы жас көшеттердің тамыр жүйесінің қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін. Соның салдарынан отырғызылған ағаштардың көп бөлігі жерсінбей қалған. Аталған кезеңдегі орман дақылдарын отырғызу жұмыстары облыс әкімдігіне қарасты үш орман қорғау мекемесінің аумағында жүргізілген. Олар – Павлодар қаласындағы Павлодар, Железинка ауданындағы Үрлітүп және Тереңкөл ауданындағы Максим-Горький коммуналдық мемлекеттік мекемелері.

- Ал кейінгі жылдары орманды қалпына келтіру жұмыстарының көрсеткіштері жақсара түскенін байқап отырмыз. 2024–2025 жылдары облыста 2 400,1 гектар аумаққа 13,7 млн көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 186,4 млн теңге бөлінген. Бағалау қорытындысы бойынша, осы кезеңде орман дақылдарының жерсіну көрсеткіші 40–50 пайызды құрады, - деп атап өтті басқарма өкілі.

Биыл да өңірде ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып тауып, жалпы аумағы 1 325 гектар аумаққа 7,5 млн көшет егілген. Орманды қалпына келтіру үшін негізінен кәдімгі қарағай мен қарағаш көшеттері пайдаланылады. Қарағай көшеттері Ресейден, ал қарағаш көшеттері Ақмола облысындағы «Қазақстан орманы» ЖШС тұқымбағынан жеткізілген. Көшеттер аймақтың топырақ-климаттық жағдайларына сәйкестігі ескеріле отырып таңдалған.

Мамандар атап өткендей, соңғы жылдары орманды қалпына келтіру жұмыстарының көлемі ұлғайып, көшеттердің жерсіну көрсеткіші де өскен. Дейтұрғанмен 2021–2023 жылдардағы төмен нәтиже өңірдегі орман өсіру ісінде климаттық жағдайды ескерудің, көшеттерді күтіп-баптау мен олардың жерсінуін бақылаудың маңызын көрсетеді.

Бұған дейін Павлодар өңіріндегі орман шаруашылықтарында 3 миллионнан астам ағаш отырғызылғанын жазғанбыз.