Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, жеке тұрғындар үшін электр энергиясының тарифі қосылған құн салығын есептемегенде 1 кВт/сағ үшін 1 теңгеге немесе 5 пайызға өседі. Бұл өзгеріс «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамы үшін электр энергиясын сатып алу құнының қымбаттауына байланысты енгізіледі.
- Егер алдағы уақытта электр энергиясын сатушы немесе тасымалдаушы компаниялар бағаны көтермесе, бұл тариф 2027 жылғы қыркүйекке дейін қолданылады, – деп түсіндірді департамент басшысы.
Сонымен қатар, Павлодарда ауыз судың тарифі төмендейді. 1 қазаннан бастап жеке тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 97 теңгеден 92 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) кемиді.
Департаменттің мәліметінше, «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында алған міндеттемелерін толық орындамаған. Осыған байланысты кәсіпорынға өтемдік тариф енгізілген.
- Бұл тариф келесі жылдың қыркүйегіне дейін қолданылады. Себебі уақытша өтемдік тариф 12 ай мерзімге енгізіледі. Бұдан бөлек, халық үшін су бұру тарифі 1 теңгеге төмендейді, - деп қосты департамент басшысы.
Ал жылу тарифі 2026 жылдың соңына дейін өзгермейді. Оның құны 1 Гкал үшін 4078 теңге (ҚҚС-сыз) деңгейінде сақталады.
Бұған дейін Атырауда электр энергиясы мен жылу тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.