Павлодарда қазандықтар мен желілердегі жөндеу жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл облыстың жылумен жабдықтау саласына 35,7 млрд теңге инвестиция салынған. Өңірдегі 2499 көпқабатты тұрғын үйдің 2477-сі (99,1%) жылу маусымына дайын тұр.
Жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында 46 жабдық жаңарып, 31,1 км жылу желілерін қайта жаңартуға мүмкіндік туған.
— Жылумен жабдықтау саласына 35,7 млрд теңге инвестиция салынды. ERG құрылтайшылары негізгі жылу көздерін жөндеуге қосымша қаражат бөлді. Павлодар қаласындағы № 1 ЖЭО-ға 5,3 млрд теңге бағытталды. Бұл негізгі және қосалқы жабдықтардағы жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ақсудағы РОК-2-де барлық қазандықтарды жөндеуден басқа, көмекші жүйелерді жаңартуға 1,5 млрд теңге бөлінді. Тозығы жеткен электр желілерінің мәселесін шешу үшін «ПРЭК» АҚ 14,7 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама әзірледі. Оны іске асыру 2026 жылы басталады, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта өңірдегі 2499 көпқабатты тұрғын үйдің 2477-сі (99,1%) жылу маусымына дайын. Атап айтқанда, Павлодар қаласы бойынша 1268 көпқабатты тұрғын үйдің, Екібастұз қаласы бойынша 635 көпқабатты тұрғын үйдің, Ақсу қаласында 265 үйдің әзірліктері 100%-ды көрсетіп отыр. Ал әлеуметтік сала нысандары бойынша дайындық көрсеткіштері келесідей: білім беру — 566 мекеменің 563-і (99%), денсаулық сақтау — 305 мекеменің 286-сы (94%), автономды қазандықтар — 394 мекеменің 389-ы (99%) дайын.
Облыста гидравликалық сынақтардың нәтижелері бойынша 295 ақау анықталып, бүгінде 269-ы жойылған. Қалған 26 ақауды жөндеу жұмыстарын 2 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.
— Қалалар мен аудандардың әкімдеріне 10 қыркүйекке дейін қазандықтар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ көмір жеткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды, — деп мәлімдеді әкімдіктен.
Еске сала кетейік Премьер-министр жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер қатарында Екібастұз қаласын да атаған еді.