Павлодарда «Қазқонақ» табиғи ескерткішін сақтап қалу мақсатында Жол картасы әзірленеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінің жағалауында «Қазқонақ» деп аталатын бірегей табиғи ескерткіш орналасқан. Ежелгі жануарлардың қаңқасына толы палеонтологиялық жағалау жыл сайын мүжіліп, құрып барады.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Баянауыл ұлттық табиғи паркі мемлекеттік органдардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген ведомствоаралық жұмыс кеңесі өткенін хабарлады.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

— «Қазқонақ» — ғылыми және тарихи маңызы бар табиғи мұра. 2018 жылдан бері ол «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарауында. Кездесу барысында ескерткіштің қазіргі жағдайы, оны қорғау, ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту және туристік әлеуетін арттыру мәселелері қаралды, — деп мәлімдеді ұлттық парктен.

Көтерілген маңызды мәселенің бірі — табиғи ескерткішті сақтау және дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу. Себебі жағалау Ертіс өзенінің суымен шайылып жатыр. Қатысушылар нақты іс-шараларды, жауапты тараптарды және іске асыру мерзімдерін айқындауға қатысты ұсыныстарды талқылаған.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Палеонтолог ғалым, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Валентина Алиясованың айтуынша, «Қазқонақ» неоген кезеңіне тиесілі.

Неоген — кайнозой эрасының ұзақтығы 24,6 млн жылмен өлшенетін екінші (ортаңғы) геологиялық кезең. Бұдан 23–1,6 млн жыл бұрынғы уақыт аралығын қамтыған. Осы кезеңде қалыптасқан аумақ уақыт өте ежелгі жануарлардың қорымына айнала бастайды. Өткен ғасырдың ортасында аталған аумақтан археологтар ежелгі жануарлардың 600-ден астам түрін анықтаған. Мұндай аса бай табиғи коллекция жер бетінде Ертіс-Баян өңірінде ғана бар.

Еске салайық, бұған дейін «Қазқонақ» ескерткішіне ұлттық игілік мәртебесі берілуі мүмкін екенін жазғанбыз.