Павлодарда келесі аптадан бастап жылу өшіріледі

Фото: Алина Тулеубаева / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаладағы жылу желілерін гидравликалық сынау, жөндеу жұмыстарының басталуына орай облыс орталығында 15 сәуірден бастап орталықтандырылған жылу беру тоқтатылады. Кейбір шағын аудандарда бұл уақытта ыстық сумен қамту да шектеледі. 

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімдігі хабарлады.

«Қала әкімінің қаулысына сәйкес, 15 сәуір күні Павлодар қаласында жылыту маусымы аяқталады. Жылыту маусымын аяқтау туралы шешім ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы негізінде және сыртқы ауаның тұрақты оң орташа тәуліктік температурасына байланысты қабылданды», - деп мәлімдеді әкімдіктен.

Биылғы жылу маусымы 2023 жылғы 18 қыркүйектен басталған.

Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін павлодарлық ЖЭО-дағы негізгі 15 жабдықты және шамамен 25 км желіге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұған қоса Қамзин көшесі бойында ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің және Абай-Кривенко көшелері ауданында ТСС-5 жаңа сорғы станциясының құрылысы жүргізіледі. Гидравликалық сынақтар Оңтүстік желілік аудан бойынша - 15-22 сәуір аралығында, Солтүстік желілік аудан бойынша 26-30 сәуір аралығында жоспарланған.

Былтыр облыс орталығындағы үш ЖЭО-да 15 негізгі жабдық пен 30 км жылу желілері жөндеуден өткен. Нәтижесінде биылғы жылу беру маусымында жылу желілеріндегі ақаулар 20%-ға азайған.