Павлодарда кибералаяқтыққа арналған құрылғылар тәркіленді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда интернет-алаяқтыққа пайдаланылған sim-box құрылғылары әшкереленді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
27 наурыз күні киберполиция қызметкерлері Павлодар облысында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған екі sim-box құрылғысын анықтап, тәркіледі.
— Аталған жабдықты заңсыз сақтап, пайдаланған деген күдікпен 23 жастағы азамат ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Пәтерді тексеру барысында 128 және 32 слотқа арналған 2 sim-box құрылғысы, 115 SIM-карта, Wi-Fi роутерлер және 32 ұялы телефон тәркіленді, — делінген хабарламада.
Анықталғандай, күдікті заңсыз әрекеті үшін Kaspi-дегі жеке шотына 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Қазіргі уақытта ұқсас фактілерді анықтау және ұсталған азаматтың интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатыстылығын тексеру мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық мақсатта пайдаланылатын жабдықтарды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.
Бұған дейін полиция киберқылмыстың жаңа түрі туралы ескерткен болатын.