Павлодарда қоғамдық көлікті оңтайландырудың нәтижесінде 4 млрд теңге қаражат үнемделеді

Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Оңтайландыру аясында 3 бағыттағы маршрут жойылды. Ал 56 мыңнан астам жолаушы автобустарға тегін ауысып міну қызметін пайдаланады. 

Павлодар қаласы әкімдігінен хабарлағандай, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыру бойынша бір айға созылған кешенді жұмыс аясында 11 маршрутты оңтайландыру және 2 тиімсіз бағытты жою жоспарланған. Қозғалыс сызбаларын түзету көліктік қолжетімділікті, азаматтардың өтініштерін талдау, сондай-ақ нақты жолаушылар ағыны мен маршруттардың жүктелу деңгейін бағалау негізінде жүзеге асырылған.

— Оңтайландыру қорытындыларын назарға ала отырып, жолаушылар өте аз жүретін және қалалық бюджетке елеулі жүктеме түсіріп келген (166 млн теңгеден астам) № 5, № 6 және № 17 маршруттар жойылды. Бұл бағыттарда қосымша өзге автобустар мен трамвай маршруттары бар, — делінген әкімдіктің ресми ақпаратында.

Бұдан былай қала маңындағы № 40, 41, 38, 66 маршруттар теміржол вокзалына дейін жүретін болды. Шешім Теміржол вокзалы ауданындағы дамыған көлік жүйесін ескере отырып қабылданды. Аумақта жолаушылар ағыны 60 000 транзакцияға өскен. Сондай-ақ № 66 және № 40 маршруттар ұзындығының айтарлықтай қысқаруын ескере отырып, жолаушылар үшін бір сағат ішінде тегін ауысып міну енгізілді. Бір айда 56 591 адам тегін ауысып міну қызметін пайдаланған.

Автобус желілерін қайта қарау және тартылған автобустар санын 262-ден 252-ге дейін қысқарту есебінен маршруттарға қызмет көрсетуге арналған пайдалану шығындары айтарлықтай төмендеген. Жолаушылар ағынының 10%-ға артуы тіркелген (күніне 169 441-ден 186 814 транзакцияға дейін).

Әкімдіктің баспасөз қызметі тасымалдаушыларды субсидиялау көлемін қысқарту есебінен бюджет қаражаты жыл сайын 4 млрд теңге үнемделетінін жеткізді.

Бұған дейін облыс орталығындағы автобус бағыттары оңтайландырып жатқанын, көптеген автобустар жаңаша бағытта жүре бастағанын жазғанбыз.