Павлодарда көктайғақ салдарынан 100-ден астам адам жарақат алған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өткен демалыс күндері облыс орталығындағы травматология пунктіне хабарласқандар саны екі есеге артқан.
№ 1 Павлодар қалалық ауруханасының травматологиялық пункті демалыс күндері түрлі жарақат алған 130-дан астам адамды қабылдаған. Олардың дені көктайғақтан зардап шеккен. Әсіресе соңғы екі тәулікте буыны шығып, сүйегі сынған адамдар көп хабарласып жатыр.
— Өңірде соңғы күндері қар жауып, көшелерде мұз қатты. Тайып жығылып жатқандардың көбі егде жастағы және биік өкшелі, табаны тегіс аяқ киім киген адамдар. Пациенттер көп жағдайда уақтылы хабарласпайды. Травматология пунктіне уақытында келмеуі себепті сүйек сынғанын білмей қалады. Сондықтан кез келген жарақатта бірден емдеу мекемелеріне жүгінген абзал, — дейді № 1 қалалық аурухана өкілдері.
Дәрігерлер жығылып қалған адамдардың көбіне қол-аяғына зақым келетінін айтады.
Еске сала кетейік, Павлодарда жауған алғашқы қар жол қозғалысын қиындатты.