Павлодарда көктайғақтан 16 адам зардап шеккен

Фото: Қайырбек Сариев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Зардап шеккендердің біреуі ауруханаға жатқызылған. Өзгесі үйге емделуге жіберілді.

Облыс аумағында кеше күн күрт суытып, жаңбыр аралас жауған қардың соңы көктайғаққа ұласты. Көйтайғақтан тұрғындар зардап шегіп, емдеу ұйымдарына хабарласып жатыр.

— Кеше таңертеңнен біздің травматология бөлімшесіне 80 адам келген. Олардың ішінде 16 адам көктайғақтан зардап шеккені анықталды. Жылтыр мұзда қатты құлаған бір тұрғын ауруханаға жатқызылды. Егер құлаған адамда жабық және ашық сүйек сынықтары, буындардың шығуы, созылуы, зақымдануы кездессе, бірден ауруханаға қабылдаймыз. Хабарласып жатқандардың көбі зейнет жасындағы адамдар, — дейді № 1 Павлодар қалалық ауруханасы травматологиялық бөлімшесінің дәрігері Дәурен Смағұлов.

Дәрігерлердің сөзінше, мұзда құлау кезінде адамдардың көбіне басы, көкірек және жамбас тұстары зиян шегеді. Кейбір азаматтар құлаған соң медицина ұйымдарына барып көрінуді жөн санамайды. Салдарынан алған жарақатын асқындырып алуы мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайда ақ желеңділердің қабылдауына барған абзал.
Ал өңірлік балалар ауруханасы соңғы бір аптада травматологиялық бөлімшеге мұздан тайып жығылған 8 бала хабарласқанын жеткізді. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылған.

Бұған дейін Павлодарда көктайғақ салдарынан 100-ден астам адам жарақат алғаны туралы жазғанбыз.