Павлодарда көлігін ағаш басып қалған жүргізуші әкімдіктен 4 млн теңге өндіріп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарда көлігінің үстіне ағаш құлаған тұрғын қалалық әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты.

Фото: Kazinform \ ИИ

Оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. JETOUR X50 көлігінің үстіне ағаш бұтағы құлап, зақымдалған.

Осыдан кейін көлік иесі Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен пәтер иелері кооперативіне қарсы сотқа арыз түсірген. Мамандар жүргізген бағалау қорытындысына сәйкес, материалдық шығын көлемі 4 миллион теңге болған.

Сот барысында ағаш өскен жер телімі ортақ пайдаланудағы аумаққа жататыны және мемлекеттік меншікте екені анықталды. Осыған байланысты жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғау міндеті уәкілетті органға жүктелген.

— Сот ағаш бұтағының құлауы ағаштың тиісті деңгейде күтіп-бапталмағанын көрсетеді деген қорытындыға келді. Ал пәтер иелері кооперативі бұл іс бойынша тиісті жауапкер ретінде танылған жоқ, — деп хабарлады Павлодар облыстық соты.

Мемлекеттік орган өкілдерінің сол күні ауа райы қолайсыз болғаны және ол туралы ескерту жарияланғаны жайлы уәжін сот жауапкершіліктен босатуға негіз ретінде қабылдамады.

Бірінші сатыдағы сот көлік иесінің талабын толық қанағаттандырып, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін 4 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Кейін апелляциялық сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, бұған дейін ақмолалық жүргізушілер камераларды қалай алдап жүргені жайлы жазған едік.

Камила Тайтөлеу