Павлодарда көлік пайдалану ережесін бұзғаны үшін екі мыңға жуық жүргізуші жазаланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Азаматтар көбіне көліктің алдыңғы бүйір терезелерін қараңғылауға бейім. Бұл жүргізуші үшін көріністі нашарлатады дейді полицейлер.
Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзғаны үшін жыл басынан бері 1889 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы Павлодарда патрульдік полиция батальонының инспекторлары ВАЗ 21144 маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Оның алдыңғы бүйір әйнектерінде қосымша заттар – перделер болған. Жүргізуші полиция талаптарына түсіністікпен қарады.
Тағы бір жағдайда Hyundai Tucson көлігінің жүргізушісі алдыңғы әйнегіне және есіктің бүйірлік терезелеріне көріністі нашарлататын пленка жапсырған.
«Полицейлердің қатысуымен олар пленканы өздері алып тастады. Жүргізушілер жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жүргізушінің көруін шектейтін себептердің бірі – алдыңғы және алдыңғы бүйірлік әйнектердің қараңғылануы. Бұл, әсіресе қараңғы уақытта қауіпті. Аталған терезе аумақтарына мөлдір түсті пленкаларды жабуға немесе жапсыруға тыйым салынады», – деп түсіндірді взвод командирінің міндетін атқарушы Жәнібек Шәкіров.
Еске сала кетейік, кеше Көлік министрі ақылы жол тарифін 20% көтеруді ұсынған еді.