Павлодарда колонияға жіберілген шоколад ішінен ұялы телефон табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен 6679 әскери бөлімінің қызметкерлері № 46 орташа қауіпсіздік мекемесіне тыйым салынған заттарды өткізудің екі дерегінің жолын кесті.

Фото: Павлодар облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Заңсыз әрекеттер республикалық «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.

— Алғашқы оқиға сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде болған. Павлодар қаласының тұрғыны сотталған танысына әкелген сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлер шоколад қаптамасының ішіне шебер жасырылған ұялы телефонды тауып алды, — деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.

Ал арада бір сағат өткенде бақылау-өткізу бекетінде өндірістік аймаққа ағаш материалдарын тасымалдап бара жатқан жүк көлігі тексерілген. Кабинаны қарау барысында жолаушы орындығынан сымсыз құлаққаптар табылып, тәркіленген.

— Екі құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданады. Тексеру шаралары толықтай бейнетіркегішке түсірілді, — делінген департаменттің ақпаратында.

Департамент өкілдері түзеу мекемелерінің аумағына кез келген байланыс құралдары мен электронды құрылғыларды заңсыз жеткізу әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Еске сала кетейік, Алматыда қапқа жасырылған қару-жарақ табылды.