Павлодарда көмірдің кеніштен босату бағасы өзгерді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысындағы әлеуметтік мекемелер мен жеке секторлар үшін алдағы қысқа 660 мың тоннадан астам көмір қажет. Оның 416 мың тоннасы халыққа, 245 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға арналған.

Фото: Nano Banana

Ертіс-Баян өңірі — Қазақстан бойынша көмір өндірілетін негізгі аймақтардың бірі. Қазіргі уақытта облыс аумағында көмір өндіретін бес кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Майкөбен-Вест» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «УгольСеверСнаб» ЖШС, «ЕЭК» АҚ-ның «Шығыс» кеніші және «Агренсор Энерго» ЖШС-нің «11 өріс» учаскесі бар.

Көмірге қажеттілік артып келеді

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың мәліметінше, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында өңірдің әлеуметтік саласы мен тұрғындарын қамтамасыз ету үшін шамамен 651 мың тонна көмір жеткізілген. Ал биыл жылыту маусымына қажеттілік біршама жоғары. Жалпы көлемі 661 мың тонна қатты отын сатып алу жоспарланған. Оның 245 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға, 416 мың тоннасы жеке секторға бағытталады, яғни өткен маусыммен салыстырғанда жоспарланған жалпы көлем шамамен 10 мың тоннаға артып отыр. Дейтұрғанмен 2024 жылмен салыстырғанда көмір тұтыну көлемі бірден 125 мың тоннаға өскенін байқауға болады. Алдыңғы жылы облыс қысқа уақытта 536 мың тонна тұтынған. Аймақта жеке сектор тарапынан сұраныстың күрт өсіп келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2024 жылы жеке секторға 326 мың тонна сатылса, екі жыл ішінде сұраныс 90 мың тоннаға ұлғайып отыр.

Фото: Freepik

Бүгінде өңірдегі бюджеттік ұйымдарға шамамен 170 мың тонна, яғни жоспарланған көлемнің 70 пайызға жуығы жеткізілген. Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта барлық әлеуметтік нысандарда қатты отынның негізгі қажетті қоры қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандардың ішінде айтарлықтай көлем білім беру саласына тиесілі — 90,4 мың тонна.

Көмір бағасының өсуі кімдерге салмақ салады?

Павлодар облысындағы көмір бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар жыл сайын «Майкөбен-Вест» АҚ және «Богатырь Көмір» ЖШС-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасайды. Құжаттың негізгі мақсаты — жылыту маусымында қатты отын тапшылығына жол бермеу және әлеуметтік маңызы бар көмір бағасын тұрақтандыру.

Фото: foxbusiness.com

— Өткен жылыту маусымында автокөлік арқылы босатылатын көмірдің бір тоннасының бағасы «Майкөбен-Вест» АҚ-да 9 мың теңге болса, «Богатырь Көмір» ЖШС-де 5 611,2 теңге болған. Ал биыл күзде белгіленген баға келесідей: «Майкөбен-Вест» АҚ — 9 611,76 теңге; «Богатырь Көмір» ЖШС — 5 811,2 теңге, — деп хабарлады басқармадан.

Осылайша, «Майкөбен-Вест» көмірінің тоннасы 611,76 теңгеге немесе шамамен 6,8 пайызға, ал «Богатырь Көмір» өнімінің бағасы 200 теңгеге немесе шамамен 3,6 пайызға қымбаттағаны байқалды.

«Богатырь Көмір» кенішінің көмірі тек энергетикалық нысандарға арналған. Сондықтан көмірінің қызуы негізінен жеке үйлерді жылытуға ыңғайлы «Майкөбе» кенішіндегі тарифтің өзгеруі жеке тұтынушыларға айтарлықтай салмақ түсіретінін байқауға болады. Бұл бағалар кеніштен босатылғанда ғана қолданылады. Ал көмірдің жеткізу шығындарын жол қашықтығына орай есептегенде оның құны біршама қымбаттайды. Кейбір шалғай ауылдарға жеткізілгенде түпкі құнынан екі есе жоғары бағаға сатылады.

Фото: exclusive.kz

Атап өтерлігі, биыл Павлодар облысында көмірді жеке сектор мен әлеуметтік нысандарға жеткізумен 20-дан астам өңірлік оператор айналысады. Олар көмірді бекітілген бағамен жеткізу, сақтау және өткізу жұмыстарына жауапты.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО-ға жылыту маусымына 3 млн тоннадан астам көмір қажет екенін жазған едік.