Павлодарда қонақ үйден өрт шығып, 186 адам эвакуацияланды

ПАВЛОДАР. қазАқпарат – Павлодар қаласында қонақ үйден өрт шығып, 186 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«21 сағат 03 минутта «101» пультіне Павлодар қаласындағы қонақ үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Департаменттің күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Он бір қабатты қонақ үйдің бірінші қабатында 10 шаршы метр аумақта қоқыс жанып жатқаны анықталды», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Өрт сөндірушілердің көмегімен баспалдақ маршымен 186 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды.

«Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт 21 сағат 33 минутта толығымен сөндірілді. Оқиға орнында жеке құрамнан 40 адам және 10 техника жұмыс істеді. Өрттің шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болған», - деді ведомстводан.
Павлодар облысы ТЖ департаменті барлық азаматтардан өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды.