Павлодарда көркем гимнастиканың спорт кешені салынбақ

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар қаласының спорт нысандарын аралады. Ол жаттықтырушылармен және олардың тәрбиеленушілерімен әңгімелесіп, спорт мекемелеріндегі жағдаймен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде 400-ге жуық оқушы акробатикамен, ал 150-ден астамы гимнастикамен айналысады. Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушылары өз шеберлігін шыңдай алатын және үлкен жарыстар өткізетін жаңа залды армандайды.


«Жаңа спортзал салу моральдық тұрғыдан ескі ғимаратты қалпына келтіруден гөрі оңай. Бізде бірден 18 бапкер жұмыс істейді – бұл кеңірек орынды қажет етеді. Қаламызды жақсы көретін Қазақстан аймақтарының спортшылары мен тіпті шет елдік акробаттар Павлодардағы турнирлерге қуана-қуана келер еді», - дейді акробатикадан жаттықтырушы Ирина Глушкова.
Бүгінде «Баянтау» спорт кешенінде жаттығатын көркем гимнастика бөлімінің 300-ге жуық тәрбиеленушісі де жаңа ғимаратқа көшуді күтіп жүр. Қолданыстағы спортзалдың 9 метрлік биіктігі жеткіліксіз – жаттығу кезінде снарядтар төбенің астындағы темір конструкцияларда жиі ілініп қалады. Биыл эстетика және көркем гимнастика мектебінің құрылысы бойынша жоба-смета құжаттамасын әзірлеу басталып, Әбілқайыр Сқақов жаттықтырушылар мен спортшыларды осы процеске қосылуға шақырды.
«Жаңа залға қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу барысын тек шенеуніктерге тапсыра салуға болмайды. Маман сіздер болғандықтан, оңтайлы жағдайдың қандай болуы керектігін жақсы білесіз» , - деді өңір басшысыү
Волейболшы қыздар да гимнаст құрбыларымен бір ғимаратта жаттығып жүр. № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы тек Павлодар ғана емес, облыстың басқа да қалалары мен аудандарының намысын қорғайтын атлеттерден құралған. «Баянтауда» ауыр атлеттер, дзюдошы мен самбошылар де жаттығады. Ауыр атлеттер бүгін онлайн режимде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына қатысып жатса, балуандар жарыстарға дайындық үстінде.
Спорт кешеніне таяу жерде үстел теннисі орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігерлер нысанның іргетасын 15 сәуірге дейін дайындап, алғашқы металл құрылыс материалдарын алуға уәде етіп отыр. Облыс әкімі оларға жұмыстардың сапасы мен оларды орындау мерзімдерін сақтау жауапкершілігі туралы ескертті.
«Астана» мұз сарайында Әбілқайыр Сқақов жас хоккейшілермен әңгімелесті. Мұнда шайбалы хоккеймен 200-ден астам бала айналысады. Бұдан басқа, мұз айдынында мәнерлеп сырғанаушылар, конькимен жүгірушілер және басқа да спортшылар жаттығып жүр. Сондықтан атлеттердің өздері де, спорт қызметкерлері де негізгі алаңға түскен жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін жаңа «Спорт сити» аренасына үлкен үміт артып отыр. Оның ашылуы биылғы жазға жоспарланып отыр, алайда техникалық жағдайларға байланысты құрылысшылар белгіленген уақытты кейінге шегеруі ықтимал.
«Мен мұнда алғашқы рет келген кезден бір жылдай уақыт өтті. Көп өзгеріс байқалмайды», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі спорт қалашығындағы футбол манежінің базасына да барып шықты. Ол кешенде қала тұрғындарының спорттық дайындығына тартуға болатын бос тұрған жерлердің көп екеніне назар аударды.
Спорт мекемелерін аралау барысында Әбілқайыр Сқақов фитнес залдың бірінде болды. Клуб иесі Юсуп Ибрагимов жақын арада жекпе-жек өнерімен айналысуға арналған жаңа зал ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Аймақ басшысы Павлодар облысының кәсіпкерлерін қала тұрғындары, әсіресе балаларды бұқаралық спортқа кеңірек тарту үшін белсенді түрде спорттық секцияларды ашуға шақырды.