«Полиция қызметкерлері WhatsApp арқылы Ертіс ауылының екі тұрғынының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы аудиохабарлама таратты деген күдікпен 55 жастағы әйелді анықтады. Расталмаған ақпаратты жергілікті тұрғындар бір-біріне таратқан», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тәртіп сақшылары қысқа уақыт ішінде жалған ақпарат таратқан әйелді анықтап, ұстады. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 478-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«Ертіс ауданы сотының шешімімен ауыл тұрғынына 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп атап өтті ведомствода.
Еске салайық, 1 АЕК - 2 651 теңгеге тең.