Павлодарда көшет өсіруге арналған қоғамдық тәлімбақ салынды

ПАВЛОДАР. КАЗАҚПАРАТ  -  «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ағаш көшеттерін өсіруге арналған қоғамдық тәлімбақ салды. Көшеттер үш-бес жылдың ішінде отырғызуға дайын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Тәлімбақ біздің қауымдастықтың мүшесі болатын «Атамекен-Родина» қоғамдық бірлестігінің базасында салынып жатыр. Бұл ұйымды Юрий Гашек басқарады. Біздің әріптестеріміз 15 жылдан аса уақыт бойы Отанымыздың және өз балаларының болашағы үшін ағаш өсірумен айналысып келеді», - дейді облыстық Азаматтар альянсы және «ECOM» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк.

Оның айтуынша, екі жылдық қарағай көшеттері отырғызылатын шұңқырларларды қазуға еріктілер көмектескен. Ал бұл көшеттер үш-бес жылдан кейін қала көшелеріне отырғызуға дайын болады.

«Қоғамдық тәлімбақты салудағы басты идея мынау: көгалдандыру акцияларын ұйымдастырушыларға көшеттер тегін беріледі. Бірақ олар одан кейін көшетті баптап өсіруге кепілдік беруі керек», - деп өз сөзін толықтырды Светлана Могилюк.