Павлодарда ҚР Тұңғыш Президенті музейінің қорынан «Тарихи таңдау» экспонаттар көрмесі ашылды
Көрмені аша отырып, облыс әкімінің орынбасары Арын Өрсариев 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, өзінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сайлағанын атап өтті.
Көрменің алғашқы келушілері павлодарлық жастар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, қоғамдық жұртшылық болды, олар Мемлекет басшысын тұңғыш жалпыхалықтық сайлау туралы баяндайтын материалдармен зор қызығушылықпен танысты.
Көрмеге Н.Назарбаевтың жеке заттары, шетелдік мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының сыйлықтары, Мемлекет басшысының қызметін, негізгі идеяларын, бастамаларын баяндайтын фотосуреттер мен құжаттар ұсынылған.
Тұңғыш Президент музейі директорының орынбасары Күләйша Ақтаеваның айтуынша, Павлодар мен Астана музейлерінің арасында бұрыннан әріптестік қатынастар орнатылған, ол Қазақстанның мәдени мұрасын, Тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекет құрылысының бірегей тәжірибесін зерделеп, таратуға күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді.