Павлодарда КСРО төлқұжатымен жүрген 40-тан астам адам анықталды

Фото: Фото: А.Хайрулинаның жеке архивінен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өткен жылы полицейлер 80-нен астам құжатсыз адамды анықтаса, олардың жартысы жарамдылығы әлдеқашан өтіп кеткен 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатын иемденіп келген.

Павлодарда КСРО төлқұжатымен жүргендер әлі де баршылық. Өңірлік полиция департаменті көші-қон қызметінің басқармасы азаматтық және иммиграциялық тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Альмира Хайруллинаның айтуынша, әлгіндей азаматтардың көбі облыс орталығында тұрады.

— Құжаты жоқ немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тұлғалардың көбі бұл — 1974 жылғы КСРО төлқұжатымен жүргендер немесе кезінде құжатын жоғалтып алып, қалпына келтірмегендер. Заңдық тұрғыдан алғанда олар Қазақстан Республикасының азаматы екенін дәлелдей алуы керек, болмаған жағдайда азаматтығы жоқ тұлға деп есептеледі. Адамдар көп жағдайда шалғай ауылдарда тұрып, құжатын жаңартуға мән бермейді. Енді бірі түзеу мекемелерінде жазасын ұзақ жылдар өтеп шыққан соң ескі құжатын ауыстырмай жүре береді. Негізгі себеп — азаматтардың құжат мәселесіне салақ қарап, уақытында ресімдеуге ниет танытпауы, — деп түсіндірді бұл жағдайдың себебін Альмира Әбдікәрімқызы Kazinform тілшісіне.

Миграция қызметінің мамандары құжатсыз жүргендерді анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылы атқарылған жүйелі жұмыстар 80-нен астам адам жеке бас куәлігінсіз жүргенін анықтап берді. Олардың 41-і осыдан жарты ғасыр бұрын алған КСРО төлқұжатымен өмір сүріп келген. Нәтижесінде 74 адам ҚР азаматы деп танылып, тиісті құжатпен қамтамасыз етілген. Тағы 7 адамның азаматтығы дәлелденбегені себепті оларға азаматтығы жоқ тұлға куәлігі берілген.

— «Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» мен өзге де үкіметтік емес ұйымдармен бұл бағытта тұрақты байланыстамыз. Жыл басынан бері тағы 6 азамат анықталып, казіргі таңда құжаттар тізілімі жинақталып жатыр. Тексеріс материалдары толыққанды болғаннан кейін заңнамаға сәйкес шешім қабылданып, құжаттану мәселесі шешіледі. Қалада әлеуметтендіру орталықтары шоғырланғандықтан мұндай азаматтар Павлодар қаласында көп кездеседі, — дейді Альмира Хайруллина.

Еске сала кетейік, АҚШ азаматтығын қабылдаған павлодарлық 800 мың теңге айыппұл төледі.