Павлодарда қуаңшылықтың алдын алу үшін жемшөп дайындау жоспары әзірленді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазақстанның жекелеген аймақтарындағы қатты құрғақшылыққа байланысты Павлодар облысында мал қыстатудың әртүрлі сценарийлеріне дайындық жүргізу жөнінде шешім қабылданды.

Алдын ала қамдану шаралары аясында 60 мың тонна жемдік астық сатып алу, шөп шабуға арнайы субсидияланған жанармай бөлу және жиналған астықтан қалатын сабанды резервке алу жоспарланып отыр.

Мал азығын дайындау жағдайы облыс әкімдігінде өткен кеңес отырысында талқыланды.

Павлодар облысындағы жағдай еліміздің басқа аймақтарында қалыптасқан жағдайларға қарағанда тұрақты деп бағаланып отыр.

Алайда, аймақта ауа райының қыңырлығына тәуелді болып қалмай, қауіпсіздік шараларын алдын ала ойластыру туралы шешім қабылданды.

Бүгінгі күні Павлодар облысындағы жемшөпке деген қажеттілік 1,1 млн тоннаны құрайды.

Жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілер шөп шабу науқанын бастап, 56 мың тонна шөп дайындады.

Бірақ облыста жемшөп дақылдары мен шөптердің орташа шығымдылығы гектарына 4,3 центнер мөлшерінде болса, аймақтың кейбір аудандарында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – гектардан 2-ден 2,7 центнерге дейін жемшөп алынады.

- Қолайсыз климаттық жағдай туындай қалса, оның жағымсыз салдары туындауы мүмкін, - деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев. - Біз әр түрлі жағдайларға сәйкес әрекет ету алгоритмдерін дайындадық. Бірінші сценарий бойынша, мал азығын дайындау көрсеткіші 25%-ға төмендесе, жемшөп тапшылығы 285 мың тоннаны құрайды. Мұндай жағдайда бізге 45 мың тонна жемдік астық қажет болады. Екінші жағдай – қажетті жем-шөп көлемінің тек 50% жиналса, шөп жетіспеушілігі 570 мың тоннаға жетпек. Бұл жағдайда 60 мың тонна жем астық қажет болмақ.

Жемшөптің қажетті мөлшерін резервке алу үшін астық егетін аймақтар форвардтық келісімшарт бойынша жиналған арпаның белгілі бір бөлігін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на тапсырады.

Осыдан кейін ұлттық астық сатып алу операторы жемдік астықты Павлодар облысындағы элеваторлардың біріне орналастырады.

Қажеттілік туындайтын болса, мал азығы фермалар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға белгіленген бағамен жеткізіледі.

Қолға алынған қолдау шараларының тағы бірі – арзан дизель жанармайымен қамтамасыз ету. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып шешілді. Осы шілде айында аймақтағы егістік алқаптарына жанармай жеңілдетілген бағамен жеткізіле бастайды. Оның құны литріне 165 теңгені құрайды – бұл нарықтағы бағадан 25% -ға төмен.

- Бұл жанармай еш кідіріссіз жеткізіліп тұруы тиіс, - деп тапсырды Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Сонымен қатар, арзандатылған жанар-жағармайдың мақсатты пайдаланылуын қадағалау қажет. Төмендетілген бағамен жеткізілетін жанармайдың көлемі тұтастай тек жемшөп қорын құруға жұмсалуы керек.

Арнайы Жол картасында жемшөп дайындау бойынша басқа да шаралар қарастырылған.

Оның ішінде пайдаланбай келген жерлерді шабындыққа бөлу, жиналған астықтан қалған сабанды дайындау, тұрғындар үшін орман шаруашылықтары мен резерваттар аумақтарында жемшөп дайындау мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Бұл науқанды аймақ басшысының орынбасары Асайын Байханов басқаратын арнайы құрылған аймақтық штаб бақыламақ.

Павлодар облысының әкімі жергілікті басшыларға қажетті жемшөп қорын жинап қана қоймай, оны сақтау керектігі жөнінде ескертті.

Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов шөп бағасын мұқият қадағалап, нарықтағы алыпсатарлыққа жол бермеу шараларын қолға алуды тапсырды.