Павлодарда қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің 100-ге жуық туындысы көрмеге қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық көркемсурет музейінде 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ешқашан ұмытылмас» деген тақырыппен суреттер мен құжаттар көрмесі ашылды.

Көрмені облыстық көркемсурет музейі, облыстық мемлекеттік мұрағат, П.Васильев атындағы музей-үйі және Г.Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейі бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаты басшысының орынбасары Ханшайым Мақажанованың айтуынша, шараға ашаршылық кезеңде орын алған зұлматты жылдардан нақты мәліметтер берілетін құжаттар қойылған. - Бізде ашаршылық кезіне қатысты құжаттар жеткілікті. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 1924 жылы Қазақстан халқының саны алты миллионнан астам болса, ашаршылық кезінде оның 1,5 миллионы опат болған. Ал, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов кейбір мәліметтерінде ашаршылық құрбандарын екі миллионға жеткізген. Кейбір тарихшылар одан да көп екенін айтады. Бірақ Павлодар өңірінде нақты қанша адам зардап шеккені туралы мәлімет жоқ. Себебі аштықтан қырылғандардың санын шығару мүмкін емес. Адамдар әртүрлі жерде яғни, қалалық жерде, ауылдық елді мекенде, тіпті, бір жерден екінші жерге көшіп бара жатқан жолда қатып қалған. Сол кездегі билік өкілдері қаза болған адамдарды жинап үлгермеген. Соңғы мәліметтер бойынша Павлодар облысында ашаршылық құрбандары жерленген 37 зират бар екені анықталған, - дейді Ханшайым Мақажанова. Облыстық көркемсурет музейінің директоры Айгүл Нұрғамисованың сөзінше, көрмеге кезінде Қазақстанға жер аударылған 16 автордың шығармасы ұсынылған. - Бүгінгі көрмеге тоталитарлық тәртіп жылдарында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған суретшілердің туындыларын қойып отырмыз. Мәселен, Абрам Черкасский, Ленонид Брюммер, Елизавета Говорова, Исаак Иткинд, Владимир Эйферт сынды азаматтарға кезінде әртүрлі айып тағылып, жер аударылған немесе кейбіреуі жазықсыз қамауға алынған. Көрмені маусым айының 20-сына дейін тамашалауға болады. Саяси қуғын-сүргін жылдары туралы мәлімет аламын деушілерге есігіміз ашық, - дейді Айгүл Нұрғамисова.

Айта кетерлігі, көрмеге ХХ ғасырдың 30-шы және 80-ші жылдары аралығында салынған жұмыстар таңдалып алынған. Бүгінде музей қорында жалпы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің 214 шығармасы сақтаулы тұр.