Павлодарда құлаған мектеп ғимаратының астынан адамның денесі табылды

Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мәйіт бүгін таңғы сағат 4:31-де қирандылардың астынан табылған.

Құтқарушылардың ақпараты бойынша, кинологтар мен құтқарушылар апаттық-құтқару жабдықтары мен тепловизорды пайдаланып, ер адамның жатқан жерін анықтаған.

- Таңертең іздестіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін құтқарушылар мәйітті үйінді арасынан тауып алып шықты, - деп қосты Павлодар облысы ТЖД.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қарашада Павлодарда салынып жатқан мектеп ғимаратының бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шеккен.

Шақыру кешкі сағат бес шамасында түсті, содан кейін дәрігерлер мен құтқарушылар келген.

Үйіндінің астында 1967 жылы туған ер адам қалуы мүмкін екені айтылды.

Жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілген, тексеруден кейін олар амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, бір адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.