Павлодарда қызметін асыра пайдаланған полицейді 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда қызметтік лауазымын асыра пайдаланған полиция қызметкерін жазасын темір тордың ар жағында  өтеу күтіп тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары 3 тамыз күні «Арай» сауда үйінде төбелес болып жатыр деген шақырту бойынша  барған Павлодар жол-патруль полициясы қызметкерінің оқиға орнында қызметтік лауазымын асыра пайдаланғанын анықтады. Павлодар облыстық прокуратурасы мәлім еткендей, ол сауда үйіне келушілерге арнайы құралдарды пайдалана отырып күш көрсеткен.

«Жергілікті полиция қызметінің қызметкері мен оның әріптестері оқиға орнына келген кезде ол жерде тек сөзбен қақтығысу болған», - деді прокуратура қызметкерлері. Күдіктінің әрекеті 362-бап 4-бөлім 1 және 2 тармақтарда көзделген «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бойынша қарастырылып отыр. Аталған бап бойынша он жылға дейін бас  бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл шақыртуға келген басқа полиция қызметкерлері де қызметтерінен босатылды.