Павлодарда ломбард қызметкері 16 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әйел адам ломбардта аға тауар маманы — бағалаушы-кассир болып жұмыс істеген және материалдық жауапты тұлға болған. Биылғы наурыз айында ол сейфтен клиенттерге тиесілі алтын әшекейлерді алып, оларды өзге ломбардтарға өткізе бастаған.

Фото: montsame.mn

Қызметкер ломбардан жалпы саны 26 бұйымды ұрлап сатқан. Олардың арасында сақиналар, сырғалар, шынжырлар, алқалар болған. Түскен ақшаны онлайн-казинода бәске жұмсаған. 

— Осылайша, ұрланған алтын бұйымдардың жалпы құны 5 795 390 теңгеге жеткен. Түскен ақшаға көбірек қаражат ұтып алу мақсатында онлайн-казинода ойнай бастаған және ұтқан жағдайда бұйымдарды қайта сатып алып, орнына қоюды көздеген. Алайда ол ойындарда ұтылып, ақшалай қаражатынан айырылып отырған, — делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының айыптау ісінде.

Ақшасы таусылғаннан кейін әйел мамыр айында одан да ірі көлемде қаражатты жымқырған. Яғни ломбард кассасынан 10 млн теңгеден астам ақшаны алып кеткен. Қаражаттың жоғалғаны анықталған соң, қызметкерге қатысты қылмыстық тергеу басталған.

Сотта әйел өз кінәсін толық мойындады. Оған рақымшылық туралы заңның қолданылуын ескере отырып, 3 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, әйел келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Шығынның жалпы сомасы 16 мн теңгеге жуық.

Еске сала кетейік, Астанада аурухана қызметкері науқастың алтынын ұрлап, ломбардқа өткізген.