Павлодарда магнит арқылы есірткі жасырып жүрген 23 жастағы күдікті ұсталды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодарда металл беттерге магнитпен бекітілген есірткі орамаларын жасырып жүрген 23 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық прокуратураның бірлескен жедел іс-шарасы барысында күдіктінің гараждардың темір қақпаларына есірткі салынған пакеттерді магнит көмегімен жабыстырып отырғаны анықталды. Ол жасырған орындарды суретке түсіріп, координаттарын жіберіп отырған.

Ұстау кезінде күдіктінің жанынан ақ түсті ұнтақ салынған, изолентаға оралған бес клипбокс табылды. Сонымен қатар, оның смартфоны тәркіленді. Онда тыйым салынған заттар жасырылған орындардың координаттары мен сипаттамалары сақталған.

Полиция дерегінше, кейін Павлодар аумағында жедел уәкілдер есірткі жасырылған 25 жасырын орынды тапты. Әрбір орамда металл беттерге жабыстыруға арналған шағын магнит болған. Бұл орамалар құбырларға, есіктерге және өзге де темір беттерге бекітіліп отырған.

Зерттеу нәтижесінде тәркіленген заттардың жалпы салмағы 17 грамнан асатын синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Бұл көлем заң бойынша аса ірі мөлшер саналады.

Қазіргі уақытта есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.

Айта кетейік, СҚО-да биыл есірткі таратып, сатқан 132 адам ұсталды.