Павлодарда Мәншүк Мәметова пайдаланған самауыр сақталып тұр

Фото: Фото: Әскери даңқ музейі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Әскери даңқ музейінде Мәншүк Мәметованың жез самауыры сақталып тұр. Оны «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшелері Невель қаласынан алып келген.

Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, жәдігер 2014 жылы тапсырылған. Оны «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі, қоғам белсендісі Жұмабек Қамзин Невельден арнайы алып келген.

— Сол жылдары Ресейдің Псков облысы Невель қаласына экспедиция ұйымдастырылды. Жасақ мүшелері қазақ жауынгерлерінің ерлік жасаған жерлерін аралап, белгісіз жауынгерлердің жерленген зираттарын іздестірді. Ресейлік іздестірушілер Мәншүк Мәметова пайдаланған самауырдың табылғаны туралы айтқан екен. Содан Жұмабек ағамыз оны аттай қалап сұрап алады да біздің музейге әкеліп тапсырды. 2022 жылы қазақтың батыр қызының туғанына 100 жыл толуына орай музейде мектеп оқушылары мен студенттердің, қала қонақтарының қатысумен еске алу кештері өтті. Онда бұл жәдігер жөнінде кеңінен әңгімеленіп, қаһарманның өмірінен деректер айтылды. Самаурынға қатысты тың мәліметтерді жинадық. Даңқты пулеметші қыз пайдаланған жәдігер бүгінде музейден өзінің лайықты орнын тапты, - дейді ол.

Фото: Әскери даңқ музейі

Мәншүк Мәметова Екінші дүниежүзілік соғыста Невель түбінде 1943 жылы ерлікпен қаза тапқаны тарихтан белгілі. Майданда жүріп кеңес әскерінің 300 мың жауынгері, соның ішінде әйелдердің 86-сы Батыр атағын алған. Оның екеуі қазақ қызы болатын. Ұрпақ бақыты, ұлт болашағы үшін жан берген апаларымыздың ерлігі осындай жәдігерлер арқылы ел есінде жаңғыра бермек.

Еске сала кетейік, Павлодарда «Бокка» — ежелгі арулардың әшекейі сақталып тұр.