Павлодарда мас болып көлік жүргізген мектеп директоры 15 күнге қамалды

Іс материалдарынан 2023 жылдың 15 қыркүйегінде ауыл мектебінің директоры көлікті мас күйінде жүргізгені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

«Сот отырысында құқық бұзушы сол күні алкоголь ішімдік ішпегенін түсіндіріп, кінәсін мойындамады. Жүргізушінің соттағы сөздерін сот-медициналық сараптама қорытындысы, шенеуніктің түсініктемесі және полицей төсбелгісіндегі бейнежазба жоққа шығарды» деп хабарлады Павлодар қалалық әкімшілік мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен. 

Сот қаулысымен құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды.

Ол 15 тәулікке қамау және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.