Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген сот орындаушылар палатасының басшысы жазаланды

Фото: Қостанай облысы ПД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындаған. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. 

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының Павлодар облысындағы филиалының басшысы көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталған. Бұл туралы жергілікті телеграм-арналардың бірінде хабарланды. 

Ал «Сот кабинеті» порталында Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 21 ақпанда 41 жастағы басшыға қатысты шығарған қаулысы жарияланған.

Құжатқа сүйенсек, палата филиалының басшысы 21 ақпанға қараған түні Павлодарда көлікті жүргізіп келе жатқан кезде тоқтатылған. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізуші орташа деңгейде мас болған.

— Сот отырысында азамат И. әкімшілік құқықбұзушылық жасағанын толық мойындады. Ол сотқа көп қымыз ішкенін, содан кейін рөлге отырғанын, кейін полиция қызметкерлері ұстағанын түсіндірді, — делінген сот қаулысында.

Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 608-бабы 1-бөлігі («Мас күйде көлік құралын басқару») бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.

Бұған дейін Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген шенеунік жұмыстан шығарылатынын жазғанбыз