Павлодарда майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың азаптау лагерлерінен салған суреттері сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда майдангер жазушы, он екі жыл ғұмырын әскерге арнаған Қалмұқан Исабайдың фашистердің Бухенвальд азаптау лагерінен өз қолымен салған суреттерінің түпнұсқасы сақталып тұр.
Қазақ оқырмандарына Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында бірнеше роман сыйлаған жазушы Қалмұқан Исабайдың туындылары — өлмес мұра. Биыл әйгілі жазушының туғанына 100 жыл толып отыр.
Қаламгер шебер жазушылығымен қоса, мықты суретші болғанын да екінің бірі біле бермес. Германиямен соғыс жылдары майдандық газеттердің бетін безендіруге тұрақты атсалысып, түрлі карикатураларды тудырған. Оның, әсіресе соғыстан кейін Германия жерінде қалып, фашистердің азаптау лагерлеріндегі сұмдықтарды өз көзімен көріп, қағазға түсіргені де мәлім. Алайда ондай суреттер ол заманда жариялауға болмайтын құпия саналғандықтан, қарт майдангердің өз қолымен ақ қағазға түсірген кескіндері ұзақ жыл үйінде сақталып келген.
— Соғыстан кейінгі жылдары Ильменау қаласында біраз уақыт комендант болып тұрған әйгілі жазушы кеңес жауынгерлерін азапқа салған фашистік лагерлерді көрген. Соның бірі — адам айтқысыз жауыздық әрекеттер жасалған Бухенвальд лагері. Қалмұқан Исабайұлы сол жердегі музейде болып, көптеген азаптау машиналарының, кескіндердің көшірмелерін, өзі естіген қаралы оқиғалардың желісін суретке түсірген. Бұл түпнұсқа суреттерді жуықта өз музейіміздің қорынан таптық. Ұзақ уақыт елеусіз қалып қойған екен, — дейді Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Салынғанына 80 жылға жуық уақыт өткен кескіндемелерде лагердегі тұтқындарды өлтіру машиналары, кеңес әскерлерін ұру үшін қолданылған сойыл түрлері, офицерлер мен комиссарларды ату сәттері, Катынь орманындағы оқиға және т. б. бейнеленген.
Айтып өтейік, Бухенвальд — қазіргі уақытта Германиядағы Веймар шағын қаласына жақын орналасқан музей кешені. «Өлім лагері» Германия аумағындағы ең ірі концлагерьлердің бірі болды. Онда соғыс жылдары 50 елден шамамен 280 000 адам тұтқында болған. 56 мыңнан астам адам аурудан, азаптаудан, төзгісіз еңбек жағдайынан көз жұмған. Бұл тозақта 30-дан астам отандасымыз тұтқында болғаны туралы деректер тіркелген.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы Әскери Даңқ музейінде Кеңес одағының батыры Махмет Қайырбаевтың соғыста серігі болған зеңбірек сақталып тұр.